2026 жылғы 13 қарашада Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті (ТРМК) Ұлттық аккредиттеу орталығымен (ҰАО) бірлесіп, автокөлік құралдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері жөнінде кезекті кеңес өткізді.
Іс-шараға Мемлекеттік кірістер комитетінің, бейінді қауымдастықтардың өкілдері, сондай-ақ көлік құралы конструкциясының қауіпсіздігі туралы куәліктерді (КҚКҚК) ресімдеумен және берумен айналысатын 100-ден астам аккредиттелген сынақ зертханалары қатысты.
Кеңес барысында Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің № 433 бұйрығымен Сәйкестікті бағалау қағидаларына енгізілген бекітілген өзгерістер таныстырылды, сондай-ақ автокөлік құралдарына сәйкестікті бағалау рәсімдерін жүргізу кезінде хронометраж қолдану тәжірибесі қаралды.
Қазақстан Республикасының аумағына көлік құралдарын әкелу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілі жеке тұлғалардың автокөлік құралдарын әкелу тәртібін түсіндірді.
Кеңес қорытындысы бойынша Ұлттық аккредиттеу орталығының рәсімдік құжаттарын жетілдіруді, сондай-ақ қабылданған өзгерістерді іске асыру бөлігінде аккредиттелген сынақ зертханаларын әдістемелік сүйемелдеуді көздейтін өзара іс-қимылдың одан әрі бағыттары айқындалды.
Жүргізіліп жатқан жұмыс сәйкестікті бағалау рәсімдерінің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға, белгіленген талаптардың сақталуын қамтамасыз етуге және автокөлік құралдарының қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған.
Дополнительно

