2026 жылғы 17 қыркүйекте Ұлттық аккредиттеу орталығында Аккредиттеуді дамыту мәселелері жөніндегі комитеттің отырысы өтті.
Отырыс барысында қатысушылар заңнамадағы өзгерістерді, цифрландыру мәселелерін, бағалауды жүргізудің жаңа тәсілдерін, сондай-ақ ЕАЭО шеңберіндегі өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады.
Негізгі мәселелердің бірі аккредиттеу саласындағы заңнаманы жетілдіру болды. Қатысушылар қолданыстағы заңнамалық бастамаларды және сәйкестікті бағалау жөніндегі органдарды аккредиттеу қағидаларының жобасын қарады. Талқылау қорытындысы бойынша Комитет мүшелері құжаттарды пысықтау жөніндегі өз ұсыныстарын жолдайтын болады.
Аккредиттеу саласындағы жауапкершілік шараларына да ерекше назар аударылды. Қатысушылар бұған дейін әзірленген ұсыныстарды және оларды қолданыстағы заңнама шеңберінде ілгерілету бойынша алдағы қадамдарды қарады. Бұл ретте аккредиттеу жүйесіне қатысушылардың қызметіне тікелей әсер ететін өзгерістерді талқылауға мемлекеттік органдардың, бизнестің және кәсіби қоғамдастықтың қатысуының маңыздылығы атап өтілді.
Тағы бір маңызды мәселе ЕАЭО шеңберіндегі өзара іс-қимыл болды. Қатысушылар мониторинг нәтижелерін және сәйкестікті бағалау тетіктерінің тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында ұлттық аккредиттеу органдары арасындағы одан әрі ынтымақтастық мәселелерін қарады.
Отырыс барысында зертханалық жабдықтарды сәйкестендіру және аккредиттеу субъектілерін жоспарлы бағалау кезінде қашықтан бағалау форматтарын қолданудың аралық қорытындылары да талқыланды.
ҰАО бас директорының міндетін атқарушы Арман Мамбетаев бағалау жүргізу кезінде портативті бейнетіркегіштерді (бейдж-бейнетіркегіштерді) пайдалану бойынша жоспарланып отырған тағы бір жаңашылдық туралы айтып берді.
Бейнежазба жүргізу процеске қатысушылардың барлығының мүдделерін қорғауға, сондай-ақ бағалау процесінің ашықтығы мен объективтілігін арттыруға бағытталған. Бейнежазба бағалаудың нақты барысын тіркеуге және қажет болған жағдайда осы материалдарды өтініштерді, шағымдарды, апелляцияларды және даулы жағдайларды қарау кезінде пайдалануға мүмкіндік береді.
Бейнежазба жүргізілетіні туралы аккредиттеу субъектісіне алдын ала хабарланады. Бейнематериалдардың құпиялылығы мен қорғалған түрде сақталуын ҰАО қамтамасыз етеді. Отырыста қатысушылар аталған бастаманы қолдады.
Отырыс қорытындысы бойынша нормативтік құжаттарды одан әрі пысықтау, цифрлық құралдар мен аккредиттеу рәсімдерін дамыту жөніндегі алдағы қадамдар айқындалды. Жұмыс мемлекеттік органдармен, бизнеспен және кәсіби қоғамдастықпен бірлесіп жалғастырылатын болады.
Анықтама:
Аккредиттеуді дамыту мәселелері жөніндегі комитет — Ұлттық аккредиттеу орталығының тұрақты жұмыс істейтін консультативтік-кеңесші органы. Оның қызметі ISO/IEC 17011 «Сәйкестікті бағалау. Сәйкестікті бағалау органдарын аккредиттейтін аккредиттеу органдарына қойылатын талаптар» стандартының талаптарына сәйкес ұйымдастырылған.

