Жаһандық сапа инфрақұрылымы индексінің GQII 2025 қорытындысы бойынша Қазақстан 185 мемлекеттің арасында 48-орынға ие болды.
Қол жеткізілген нәтиже ұлттық сапа инфрақұрылымының дамуын және оның отандық өнімдер мен қызметтерге деген сенімді қамтамасыз етудегі, халықаралық сауданы кеңейтудегі және тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізудегі рөлінің нығайып келе жатқанын көрсетеді.
Қазақстан ең жоғары көрсеткішті аккредиттеу саласында көрсетіп, халықаралық рейтингте 32-орынға ие болды. Метрология саласында еліміз 43-орында, ал стандарттау бойынша 70-орында тұр.
Жаһандық сапа инфрақұрылымы индексі әлемнің түрлі елдеріндегі ұлттық сапа инфрақұрылымының негізгі құрамдас бөліктері — аккредиттеу, стандарттау және метрология салаларының даму деңгейін салыстыруға мүмкіндік береді.
GQII 2025 есебі жаңартылған аналитикалық база мен жалпыға қолжетімді деректер негізінде әзірленген. Зерттеу нәтижелері мемлекеттік органдар, халықаралық институттар мен қаржы ұйымдары, соның ішінде Дүниежүзілік банк үшін қызығушылық тудырады және ұлттық сапа инфрақұрылымының қазіргі жағдайын бағалауға мүмкіндік береді.
Алынған деректер сауданы одан әрі дамытуға, инвестициялық тартымдылықты арттыруға және тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз етуге бағытталған шешімдерді қалыптастыру кезінде аналитикалық бағдар ретінде де пайдаланылуы мүмкін.
Дереккөз: Global Quality Infrastructure Index (GQII) 2025

