2026 жылғы 20 қазанда бейнеконференция байланысы форматында Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше мемлекеттердің Аккредиттеу жөніндегі органдары басшылары кеңесінің 32-ші отырысы өтті.
Отырысқа Қазақстан, Армения, Беларусь, Қырғызстан және Ресейдің ұлттық аккредиттеу органдарының басшылары, уәкілетті мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ Тексеру алқасының мүшесі (Министр) Андрей Субботин бастаған Еуразиялық экономикалық комиссия өкілдері қатысты.
Негізгі назар өнім қауіпсіздігін арттыру, сәйкестікті әділ емес бағалауға қарсы әрекет ету және ЕАЭО жалпы нарығының ашықтығын қамтамасыз ету мәселелеріне аударылды.
Қатысушылар сынақ хаттамаларын негізсіз берудің алдын алу, ұлттық аккредиттеу органдары арасында ақпарат алмасу тетіктерін жетілдіру, сондай-ақ Одақ аумағында өнімді шығару және айналымы кезіндегі бұзушылықтардың алдын алу шараларын қарастырды.
ЕАЭО сәйкестікті бағалау органдарының бірыңғай тізілімін жүргізу қағидаларын жетілдіруге және цифрлық өзара іс-қимылды дамытуға, соның ішінде ұлттық ақпараттық жүйелерді 2.1.0 нұсқасына өтуге дайындауға ерекше назар аударылды.
Отырыс шеңберінде Арменияның аккредиттеу органын өзара салыстырмалы бағалау нәтижелері де қаралды. Талқылау қорытындысы бойынша қорытынды есеп пен тиісті ұсынымдар келісілді.
Бұдан бөлек, қатысушылар Одаққа мүше мемлекеттерде оларды қолданудың бірыңғай тәсілдерін қалыптастыруға бағытталған ЕАЭО техникалық регламенттерінің талаптарын түсіндіру бойынша бірқатар оқыту семинарларын өткізу бастамасын қолдады.
Отырыс қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға, өзара іс-қимылдың цифрлық тетіктерін дамытуға және сәйкестікті бағалау нәтижелерінің сенімділігін арттыруға дайын екендігін растады.
Келісілген шараларды іске асыру тұтынушылардың мүдделерін қорғауға, адал нарық қатысушылары үшін тең жағдайлар жасауға және ЕАЭО кеңістігіндегі аккредиттеу жүйесіне деген сенімді нығайтуға ықпал ететін болады.
Айта кетейік, 2026 жылы ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің Аккредиттеу жөніндегі органдары басшыларының кеңесіне төрағалықты Ұлттық аккредиттеу органы атынан Қазақстан Республикасы жүзеге асырады.
Дополнительно

