«Ұлттық аккредиттеу орталығы» РМК мамандары Пекин қаласындағы China Quality Mark Certification Group (CQM) сертификаттау органында тағылымдамадан өтті.
Тағылымдама Сәйкестікті бағалау жөніндегі Қытай ұлттық аккредиттеу қызметінің (CNAS) жәрдемдесуімен ұйымдастырылып, құпия ақпаратты басқару және дербес деректерді қорғау саласындағы ISO/IEC 27701:2025 халықаралық стандартын тәжірибеде қолдану мәселелеріне арналды.
Бағдарлама аясында ҰАО мамандары құпия ақпаратты басқару жүйелеріне (PIMS) аудит жүргізу тәжірибесін, аудиторлық топтарды жоспарлау және қалыптастыру тәсілдерін, сондай-ақ ISO/IEC 27001 және ISO/IEC 27701 талаптарына сәйкестікті бағалау мәселелерін зерделеді.
Сонымен қатар дербес деректерді қорғау, ақпараттық қауіпсіздік инциденттеріне ден қою тәсілдері және аудиторлардың құзыреттілігіне қойылатын талаптар қарастырылды.
Тағылымдама барысында бұлтты технологияларды пайдалануға, жасанды интеллекттің дамуына және деректерді трансшекаралық беруге байланысты қазіргі заманғы тәуекелдерге ерекше назар аударылды.
Алынған практикалық тәжірибе Ұлттық аккредиттеу орталығының ақпараттық қауіпсіздік, құпия ақпаратты басқару және дербес деректерді қорғау саласындағы сертификаттау органдарын аккредиттеу тәсілдерін одан әрі жетілдіру кезінде пайдаланылатын болады.
Тағылымдама Қазақстан мен Қытайдың аккредиттеу жүйелері арасындағы кәсіби өзара іс-қимылды дамытуға және сәйкестікті бағалау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған кезекті қадам болды.

