Ұлттық аккредиттеу орталығы (ҰАО) аккредиттеу субъектілерін бағалауды жүргізу кезінде бейнетіркегіштерді пайдалануды енгізеді. Жаңашылдық бағалау рәсімдерінің объективтілігін, бейтараптылығын және ашықтығын арттыруға, сондай-ақ аккредиттеу процесіне қатысушылар арасындағы өзара сенімді нығайтуға бағытталған.
Бейнетіркегіштерді қолдану аккредиттеу субъектілерінің де, бағалау рәсімдеріне қатысатын мамандардың да заңды мүдделерін қосымша қорғауды қамтамасыз ете отырып, бағалаудың жүргізілу барысын құжатпен тіркеуге мүмкіндік береді.
Бейнежазбалар сонымен қатар даулы жағдайларды, өтініштерді, шағымдар мен апелляцияларды қарау кезінде мән-жайларды объективті және жан-жақты талдауға ықпал ете отырып пайдаланылуы мүмкін.
Құпиялылықты сақтауға және ақпаратты қорғауға ерекше назар аударылады. Аккредиттеу субъектілері бейнетіркеудің жүргізілетіні туралы алдын ала хабардар етілетін болады. Бұл ретте рұқсат ету режиміне, заңмен қорғалатын құпияға немесе қауіпсіздік талаптарына байланысты шектеулер қолданылатын аймақтарда бейнежазба жүргізілмейді.
Барлық бейнематериалдар ҰАО-ның қорғалған корпоративтік қоймасына тасымалданады. Жазбаларға қол жеткізу тек уәкілетті тұлғаларға ғана, материалдарға жүгінуді міндетті түрде тіркей отырып, ұсынылады.
Бейнетіркеуді енгізу Ұлттық аккредиттеу орталығының объективтілік, бейтараптылық және өзара сенім қағидаттарына негізделген ашық әрі айқын бағалау жүйесін қалыптастыру жолындағы тағы бір қадамы болып табылады.
Дополнительно

