Ұлттық аккредиттеу орталығы аккредиттеу саласындағы шешім қабылдау рәсімдерінің ашықтығын арттыруға бағытталған жаңа тәжірибені пилоттық режимде енгізуге кірісті. Жаңа формат Аккредиттеу жөніндегі комиссия отырыстарына салалық мемлекеттік органдар мен кәсіби қауымдастықтар өкілдерінің байқаушы ретінде қатысуын көздейді.
2026 жылғы 21 қыркүйекте Аккредиттеу жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтіп, онда көлік құралы конструкциясының қауіпсіздігі туралы куәлік (КҚКҚК) беретін аккредиттеу субъектілеріне қатысты материалдар қаралды.
Отырысқа байқаушы ретінде Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің, «QazAutoStandart» автомобиль сарапшылары мен аудиторлары қауымдастығы» өзін-өзі реттейтін ұйымы» ЗТБ және «Қазақстан автомобиль одағы» ЗТБ өкілдері қатысты.
Бұған дейін ҰАО КҚКҚК беретін зертханаларды аккредиттеу мәселелерін қарау кезінде олардың өкілдерін Комиссия отырысына қашықтан қосу тәжірибесін енгізген болатын. Бейнеконференцбайланыс форматында зертхана өкілдері белгіленген талаптардың, оның ішінде үй-жайлар мен жабдықтарға қойылатын талаптардың сақталуын көрсетуге мүмкіндік алады.
Мұндай тәсіл аккредиттеу материалдарын қарау кезінде салалық ерекшеліктерді, практикалық аспектілерді және мүдделі тараптардың ұстанымдарын неғұрлым кеңінен ескеруге мүмкіндік береді.
Байқаушылардың қатысуы аккредиттеу рәсімдерінің айқындығы мен ашықтығын арттыруға, шешім қабылдау процесіне деген сенімді нығайтуға, сондай-ақ ҰАО-ның мемлекеттік органдармен, кәсіби қоғамдастықпен және аккредиттеу субъектілерімен өзара іс-қимылын күшейтуге бағытталған.
Бұл ретте аккредиттеу жүйесінің негізгі қағидаттарының бірі - бейтараптық толық сақталады. Аккредиттеу туралы түпкілікті шешім белгіленген рәсімдерге және қолданыстағы талаптарға сәйкес қабылданады.
Ұлттық аккредиттеу орталығы үшін салалық мемлекеттік органдармен және кәсіби бірлестіктермен ашық диалогты дамыту ұлттық аккредиттеу жүйесін одан әрі жетілдірудің маңызды бағыттарының бірі болып табылады.

